9 мамыр Жеңіс күні

10.05.2019

         Көктем мезгілінің көрікті мерекелерінің бірі - «Отан қорғаушылар күні» мен «Ұлы Жеңіс күндерін» атап өту қарсаңында 2019 жылы 9 –мамыр күні «KMG EP-Catering» ЖШС-інің бір топ жас мамандары Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады. Аталған шараның құрылтайшысы – мекеме әкімшілігі мен жас мамандар кеңесі. Кәріге құрмет-балаға міндет. «Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бейбіт өміріміз бен бақытты болашағымыз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!» делінген алғысын білдіріп, Ұлы Жеңіс күні арнайы тілек-лебіздерін білдіріп барған жас мамандарға көңілдері толып, шексіз алғыстарын айтты.

         «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Ақылды қария - ағып жатырған дария» деген халық даналығы бар. Сонау сұрапыл жылдардың көзі тірі куәгерлері, тыл ардагерлерінің уақыт белестері туралы айтқан әңгімелерін тыңдап, өткен тарихтың тамырын басып, сан алуан деректерді санамызға сіңірген қарияларға риза болдық. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп берген сыйлығымызға балаша қуанды. Ақ шашты қарт ардагердің сөздері ойымызда түйінделіп, санамызда жаңғырып-ақ тұрды сол сәтте. Бір ғасыр тарихтың тірі куәгері ардагер ақсақал айтқандай, бейбіт өмірде ғұмыр кешіп жатырған өскелең ұрпақ қазіргі бір қалыпты, тыныш ғұмырдың қадірін біліп, жан-жақты жетіліп, өткен тарихымызды санамызға сіңірген, келешектің жарқын белестеріне белсене ұмтылған жасампаз ұрпақ, жалынды жас, үлгілі ұжым бола білейік дегім келеді. Әрқашан аспанымыз ашық, еліміз аман болсын!