События

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ.

Көктем мезгілінің көрікті мерекелерінің бірі — «Отан қорғаушылар күні» мен «Ұлы Жеңіс күндерін» атап өту қарсаңында 2016ж. 4 –мамыр күні біздің «KMG EP-Catering» ЖШС-інің бір топ жас мамандары 4 Ұлы Отан соғысы ардагерін және 15 тыл ардагерлерін құттықтады. Аталған шараның құрылтайшысы – мекеме әкімшілігі мен жас мамандар кеңесі. Қалалық Ардагерлер үйіне барып, алғыс хаттарын тапсырып, арнайы дайындалған сыйлықтар табыс етілді. Кәріге құрмет-балаға міндет. «Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бейбіт өміріміз бен бақытты болашағымыз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!» делінген алғыс хатты қабылдаған Ардагерлер үйінің Қуандық Бекмағанбетұлы төрағалық еткен бір топ ақсақалдар Ұлы Жеңіс күні арнайы келіп, тілек-лебіздерін білдіріп барған біздің мекеме ұжымына көңілдері толып, шексіз алғыстарын айтты.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Ақылды қария — ағып жатырған дария» деген халық даналығы бар. Сонау сұрапыл жылдардың көзі тірі куәгерлері, тыл ардагерлерінің уақыт белестері туралы айтқан әңгімелерін тыңдап, өткен тарихтың тамырын басып, сан алуан деректерді санамызға сіңірген қарияларға риза болдық. Жыл өткен сайын қатары сиреп бара жатырған Отан соғысы ардагерлері де қаламызда санаулы ғана екен. Мерекелік құттықтауды Ардагерлер үйінен бастаған біздің бір топ жас ұжым сол 4 –мамыр күні ат басын қаламыздағы «Өркен» шағынауданының тұрғыны 96 жастағы (1921 жылы туылған) Бекбанов Ыбырай атаның үйіне тіреп, алатаудай асқаралы жасқа келіп отырған қарияға амандасып, мерекелік сыйлығымызды тарту еттік. Бір ғасырлық ғұмыры бар шежіре қария бізді келді дегеннен, қарашаңырақтағы келін-балаларының көмегімен салтанатты киімдерін киіп, «ерен ерлігі, жауынгерлік еңбегі үшін» алған медальдары кеудесінде жарқырап, қарт ардагер алдымызда сөз тізбегін ағытты-ау келіп. «1941 жылы жас-кәрі демей баршамыз майданға аттандық, үстіміздегі киген киіміміз шамалы, асымызды үнемдеп ішіп, штаб басшылары қарсыластардың әскері шоғырланған орталықтарға жіберді. Ол кездегі әрбір жауынгердің жүрегі «Ұлы Отаным үшін» ұғымымен ұштасқан, жауға қарсы бар күш-жігерін аямай аттанған жастардың жігері көз алдымнан әлі кетпейді. Қазір заман тыныш қой, «не киемін, не ішемін?» демейсіздер. Бәрінен бұрын бейбітшілікті айтсаншы, тәңірімнен тілерім – енді соғыс болмасын, өскелең ұрпақтың көрері мол болсын, тыныш, бейбіт өмірдің бесігінде тербеліңдер, айналайындар!», — деп сөзін аяқтаған қария біздің бар ықыласымызбен тыңдап отырғанымызды көріп, риза болды. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп берген сыйлығымызға балаша қуанды. Ақ шашты қарт ардагердің сөздері ойымызда түйінделіп, санамызда жаңғырып-ақ тұрды сол сәтте. Бір ғасыр тарихтың тірі куәгері ардагер ақсақал айтқандай, бейбіт өмірде ғұмыр кешіп жатырған өскелең ұрпақ қазіргі бір қалыпты, тыныш ғұмырдың қадірін біліп, жан-жақты жетіліп, өткен тарихымызды санамызға сіңірген, келешектің жарқын белестеріне белсене ұмтылған жасампаз ұрпақ, жалынды жас, үлгілі ұжым бола білейік дегім келеді. Әрқашан аспанымыз ашық, ырысымыз мол, еліміз аман болсын!

Жас мамандар кеңесінің төрағасы Бекбосинова Г.